ҚАРАСАЙДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Қарасай батыр ауылында көптен күткен елеулі оқиға – жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған. Мұнда бірнеше спорт түрлерімен шұғылдануға барлық жағдайлар жасалған,- деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.
Ашылу салтанаты бейсенбі күні өтті. Салтанатты рәсімге ауылдың еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін барлығы келіп қатысты. Себебі, бұл кешеннің ашылуын қарасайлықтар көптен бері күткен болатын. Оларды осындай қуанышты оқиғамен құттықтау үшін аудан әкімі Бегзат Болатбеков, өзге де басшылық өкілдері, ардагер спортшылар келді. Алғашқы құттықтау сөзді алған Бегзат Сейсенқұлұлы осы жерден тек ауданымыздың емес, еліміздің абыройын асқақтататын спортшылар шығатынына сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға ерекше мән берілетінін айрықша атап өткен болатын. Осы бағытта ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі ашылып отырған спорттық-сауықтыру кешені де осы игі істердің жемісі. Құрметті ауыл тұрғындары, ендігі кезекте осы нысанды тиімді пайдаланып, оның мүмкіндіктерін толықтай жүзеге асыру Сіздердің қолдарыңызда. Спорт кешені ауылымыздағы көптеген жарыстар мен жаттығулардың орталығына айналатынына сенемін. Спорт кешеніміз тек жеңістер мен жетістіктердің куәсі болсын!,– деп атап өтті аудан әкімі Бегзат Болатбеков.
Осыдан кейін құттықтау сөзі ауыл ақсақалы Құрманғазы Жетігеновке берілді.
– Ауылда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы – үлкен жаңалық! Бұл ауыл балаларына спортпен айналысу үшін керемет мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көрші ауылдың балалары да осы кешенге келіп, өз денсаулығын нығайта алады. Мұнда түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Мұндай бастама ауылдың спорттық өмірін жандандырып, жас буынның денсаулығын жақсартуға зор үлес қосады. Осы ретте Мемлекет басшысы, облыс және аудан әкімдеріне алғыс айтқым келеді, – деді ауыл тұрғыны Құрманғазы Жетігенов.
Ашылу лентасы қиылған соң, жиналған қауым ғимарат ішімен танысты. Жаңа кешен екі негізгі бөлікті қамтиды. Бірінші қабатта футбол манежі, спортзалы және ауыр атлетика залы болмақ. Екішісінде бокс пен күреске арналған залдары бар. Сонымен қатар, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, жаттықтырушылар кабинеттері және медициналық көмек көрсететін орын бар. Ашылу салтанатына орай ауыл балақайлары арасында шағын футболдан кездесу өтіп, оларға аудан әкімі футбол доптарын сыйлады.
Айта кетсек, ауданда бүгінде үш спорт мектебі және екі балалар мен жасөспірімдер спорт клубы жұмыс істеуде. Аталмыш спорт мектептерінде үш жарым мыңға жуық оқушы тіркелген. Ауданда жалпы 11 спорт кешені жұмыс істейді. Спорт нысандардың барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуына қолжетімді. Осының арқасында ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 50 мың адам санына жақындап, 41 процентті құрады. Ал, Қарасайдағы жаңа спорт кешені бұл көрсеткіштің артуына септігін тигізетіні анық.