СТАЦИОНАРЛАРДАҒЫ ҚОСЫМША ОРЫНДАР МЕН МОБИЛЬДІ БРИГАДАЛАР ДАЙЫН БОЛУЫ ТИІС
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұмау және басқа да вирустық аурулардың таралуына байланысты елдегі эпидемиологиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазіргі жағдай жөнінде баяндама жасады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің дерегінше, 1 қыркүйектен бері ЖРВИ-дің 1 млн 461 мың жағдайы тіркелген. Бұл өткен маусымның осындай кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмен. Ауру жұқтырғандардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Соңғы аптада республика бойынша 183 мың адамнан ЖРВИ анықталған. Бұл өткен жылдың тиісті аптасымен салыстырғанда 16%-ға жоғары. Эпидмаусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық расталған 590 жағдайы тіркелген. Оқушылар арасында 6 мыңнан астам ЖРВИ оқиғасы анықталып, бұл жалпы көрсеткіштің шамамен 4%-ын құрады.
Жыл сайын елімізде ЖРВИ-дің 3–4 млн жағдайы, ал тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі. Биыл тұмауға қарсы 2,1 млн адам вакцина алған. Екпе маусымда айналымда болатын өзекті штаммдардан, оның ішінде А(H3N2) түрінен қорғайды.
Премьер-министр медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етудің маңызын атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма жүктеді.
«Вирустық аурулардың маусымы басталды. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын қатаң бақылауға алсын», — деді Үкімет басшысы.
Отырыс барысында дәріханаларды вирусқа қарсы препараттармен толық қамтамасыз ету, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Эпидемиологиялық ахуалды бақылау Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жүктелді.

