МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады. Кездесуде Президентке «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыру аясында атқарылған жұмыстар баяндалды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Агенттік төрағасының айтуынша, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету мақсатында 450-ден астам кәсіпорынды қамтитын тізім жасалған. Ұлттық жекешелендіру кеңсесі әзірлеген бұл тізімдегі компанияларды бәсекелестік ортаға беру ұсынылады.
Сонымен қатар негізгі тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Осы бағытта биржалық қызмет заңнама талаптары мен қазіргі нарықтық сауда жағдайларына сәйкестендірілген. Егер Агенттікке бақылау функциялары берілген сәтте елде 22 тауар биржасы жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 3-ке дейін қысқарып отыр.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына ведомствоның алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары да ұсынылды. Президент экономиканың негізгі секторларында бәсекелестікті арттыру, шағын және орта бизнесті қорғау, сондай-ақ жүргізіліп жатқан тергеулер мен тексерулерге қатысты нақты тапсырмалар берді.