BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

РОМАН СКЛЯР ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезекті кеңес өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың мәліметінше, Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында ауыр зардаптары бар жол-көлік оқиғаларының жоғары деңгейі сақталып отыр. Аталған өңірлерде жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім барлық көрсеткіштің 56 пайызын құрайды.

Статистикалық деректерге сәйкес, жолдағы адам өлімі көбіне халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда тіркеледі. Қозғалыс қауіпсіздігін бақылау үшін ІІМ бөлімшелері автоматты камералар, жылжымалы кешендер мен дрондарды белсенді қолдануда.

Қазіргі уақытта республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2 мың шақырым жолды қамтиды. Бұл тәжірибе ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын он бағытта кеңейтіліп жатыр. Олардың қатарында Көкшетау – Петропавл, Қызылорда – Арал, Қостанай – Троицк, Ақтөбе – Орынбор учаскелері бар.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, ақылы жолдарда орташа жылдамдықты бақылау енгізілгелі бері 170 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған. Жүйенің енгізілуі жол-көлік оқиғаларын 8 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.

2025 жылы ауа райы қолайсыз кезеңдерде жылдамдықты жедел реттеу үшін Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарында 72 ауыспалы ақпараттық белгі орнатылған.

Кеңес қорытындысында Роман Скляр тиісті мемлекеттік органдарға жол қауіпсіздігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *