ҚАЗАҚСТАН МЕН ЭСТОНИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Эстония Президенті Алар Кариспен Ақордада келіссөз өткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми кездесу салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Мемлекет басшылары құрмет қарауылының рапортын қабылдап, екі елдің әнұрандары орындалды. Одан кейін тараптар делегация мүшелерін таныстырып, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға кірісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эстонияны Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және білім-ғылым салаларындағы ықпалдастықты тереңдетудің маңызын айтты. Мемлекет басшысы Эстонияның цифрлық даму бағытындағы тәжірибесі Қазақстан үшін құнды болатынын атап өтті.
Эстония Президенті Алар Карис Қазақстан көрсеткен ілтипатқа ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы экономикалық және іскерлік байланыстардың нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Эстония бизнес өкілдері көлік, логистика, АКТ, киберқауіпсіздік және білім салаларында бірлескен жобаларды жандандыруға мүдделі.
Келіссөз барысында тараптар халықаралық ұйымдар, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын сөз етті. Қазақстан Президенті Эстонияның Еуропа Одағындағы сенімді әріптес екенін атап, екіжақты ықпалдастықтың оң динамикасын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту, білім және ғылым салаларындағы бірлескен бастамаларды дамыту жөнінде пікір алмасты. Қазіргі таңда Қазақстанда 80-нен астам эстониялық компанияның түрлі секторларда табысты жұмыс істеп жатқаны атап өтілді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Президентінің сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік беретінін атап өтіп, ризашылық білдірді.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония президенттері Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
