BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ «ҚАЗАҚСТАН-ЕУРООДАҚ» ДИАЛОГТІК ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ 18-ШІ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстандағы ағымдағы өзара іс-қимыл және іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері жөніндегі «Қазақстан-Еуроодақ» диалогтік платформасының 18-ші отырысы өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. Жиынға ЕО елдері бизнес-қоғамдастығының өкілдері, дипломатиялық миссиялар және сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қатысты.

Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 33,1 млрд АҚШ долларын құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Елімізде машина жасау, энергетика, агрохимия, фармацевтика және азық-түлік өнеркәсібі сияқты салаларда еуропалық капитал қатысуымен 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның еуропалық әріптестермен өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Ол экономикаға ұзақмерзімді инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Осы жылдың алғашқы он айында Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестициялар 13,1%-ға өсіп, 16 трлн теңгеге жетті. Үкімет инвесторлардың мүдделерін қорғауға, бизнеске қолдау көрсетуге кепілдік беретін құқықтық және институционалдық негіздерді нығайтуда. Сонымен қатар, бизнеске арналған әкімшілік талаптарды жеңілдету аясында есеп беру түрлерінің жартысына жуығы жойылды, ал EgovBusiness порталы мен мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылады.

Жаңа Салық кодексі инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баж салықтарынан босату, заттай гранттар және басқа да икемді преференцияларды сақтайды. Инфрақұрылымдық қолдау арнайы экономикалық, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарда дайын өндіріс алаңдарын ұсыну арқылы көрсетіледі.

Отырыста ЕО елшілері, соның ішінде Германия, Нидерланды, Франция және Швеция елшілері, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығының өкілдері өз ұсыныстары мен ұсынымдарын білдірді. Қатысушылар бизнес жүргізу мен дамыту шарттары, болжамды салық саясаты, заң үстемдігі және инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.

Қорытындысында, жиын қатысушылары Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуге дайын екендіктерін жеткізді. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жиында айтылған мәселелер мен ұсынымдарды пысықтауды тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *