BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады. Кездесуде спорт саласын кешенді реформалау және туризмді дамытуға қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президентке балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және заңнамалық базаны жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берілді.

Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, спорт саласында вертикальді басқару жүйесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар облыстарда спорт басқармаларының басшылары тағайындалып, жұмыс тиімділігінің нақты көрсеткіштері бекітілген. Сондай-ақ спортшылар мен жаттықтырушыларға берілетін төлемдер бірыңғайландырылып, спорттың басым түрлеріне қойылатын іріктеу талаптары нақтыланды.

Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы аясында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, спорттың басым бағыттарын айқындау және кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаражатқа лимит енгізу шаралары іске асырылып жатыр.

Кездесуде Мемлекет басшысына шетелдік туристерді тарту, заңнамалық базаны жетілдіру және курортты аймақтарды дамыту бойынша жоспарлар ұсынылды. Атап айтқанда, Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары әзірленген, Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы дайындалып, онда туристердің қауіпсіздігі мен санитарлық стандарттарды көтеруге және көлік қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіру процесін жеделдету және туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *