ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ВЛАДИМИР ПУТИН МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Мәскеуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Атап айтқанда, тараптар:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын;
- Үшінші елдерге экспортқа жеткізілетін ресейлік және қазақстандық жүктерді темір жол көлігімен транзиттік тасымалдау және ауыстырып тиеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді;
- Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзара ықпалдастық жөніндегі келісімді;
- «Союз-5» және «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешендеріне ұшу сынағын жүргізу үшін мемлекетаралық комиссия құру туралы келісімді;
- Ақтау қаласында Ресей Федерациясының Бас консульдығын ашу туралы ноталармен алмасу формасындағы келісімді;
- Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді;
- Ерекше экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды;
- Қазақстан мен Ресей аумақтарында қазақ-орыс және орыс-қазақ жалпы білім беру ұйымдарын ашу туралы ниеттестік меморандумын;
- Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстарын Қазақстанға әкелу және оларды бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын;
- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу бойынша өзара түсіністік меморандумын;
- Мемлекеттік шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
- «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ арасындағы 2030 жылға дейінгі мемлекетаралық түйісу пункттерін дамыту туралы келісімді;
- «Қазпошта» АҚ мен «Ресей поштасы» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті.
Бұл құжаттар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
