BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНА МЕМЛЕКЕТТІК САПАРЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы сап түзеп, әскери оркестр Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәскеу сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен кездесті. Жастар Мемлекет басшысына қазақ тілінде тіл қатты. Олар Президенттің еңбектерінде көрініс тапқан ашықтық пен дипломатия қағидалары институтта үлгі ретінде оқытылатынын жеткізді.

Студенттер сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.

– Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөздері біздің достыққа деген көзқарасымызды айқындайды. Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп білеміз, – деді олар.

Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.

– Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – беделді оқу орны. Мұнда алған білім болашақта үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе, Қазақстан туралы мол мағлұмат білу – кәсіби дамуда маңызды артықшылық, – деді Президент.

Сапар аясында Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Мәскеуде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, екіжақты қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.
– Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Барлық бағытта ынтымақтастық табысты дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентінің сапарына ризашылығын білдіріп, бұл кездесудің мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін беретінін айтты.

– Біз жылды жақсы нәтижелермен аяқтаймыз және алдағы кезеңге арналған жоспарларды бірлесе жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Ресей Президенті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *