ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ДӘРІ-ДӘРМЕК ПЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАР БАҒАСЫНЫҢ НЕГІЗСІЗ ӨСУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУДІ ТАПСЫРДЫ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Отырыста Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармация» компаниясының басшылары дәрі-дәрмектің бағасын реттеу және қолжетімділікті арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік баға қалыптастыру тетігін реформалау аясында бірқатар шара қабылдаған. Соның нәтижесінде генерикалық препараттардың шекті бағасы түпнұсқалық дәрілерден 30%-ға төмендеді, ал маркетингтік және көлік шығындары баға тізбегінен алынып тасталды.
Сондай-ақ дәрілік заттар нарығындағы барлық қатысушылар таңбалау жүйесіне қосылды. Бұл бақылау мен реттеу тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жасанды интеллект енгізу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Электрондық рецепт жүйесін жетілдіру нәтижесінде дәрі жазу уақыты екі есеге қысқарды, ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында 700-ден астам медициналық ұйым 10 миллионнан астам электрондық рецепт берді.
Премьер-министр отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жеңілдетілген тетігі арқасында жаңа препараттарды тіркеу мерзімі бірнеше жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарған. Бұл азаматтардың заманауи емдеу тәсілдері мен сапалы дәрілерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов өз сөзінде дәрілердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Көптеген науқастар дәрі-дәрмекті тұрақты қабылдауы тиіс. Сондықтан дәрілердің дер кезінде жеткізілуін және олардың қолжетімді болуын қадағалау қажет», – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне, «СК-Фармация» компаниясына және әкімдіктерге келесі жылға арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алу және үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне монополияға қарсы органмен бірлесіп, бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін болдырмау шараларын қабылдау міндеттелді. Цифрландыру министрлігімен бірге жасанды интеллектіні дәрі-дәрмек жазу және сатып алу жүйелеріне енгізу тапсырылды.
Бұдан бөлек, министрлік Мәдениет және ақпарат министрлігімен және өңірлермен бірлесіп, халық арасында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын ашық, әділетті және барлық азамат үшін қолжетімді ету», – деп түйіндеді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Үйлестіру мен бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

