АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап, ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды. Шара барысында аймақ басшысы азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкеге өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрақтандыру қоры жалпы құны 108,5 миллион теңге болатын 86,4 тонна өнім жеткізді. Сауда сөрелеріне 23,5 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3 тонна шұжық өнімі, 8,5 тонна сүт өнімі, 12 мың дана жұмыртқа, 0,6 тонна кондитерлік өнім, 3,9 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 31,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс қойылды.
Азық-түлік бағасы нарықтағыдан 10–20 пайызға төмен деңгейде ұсынылды. Аймақ басшысы тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірін тыңдады. Ол баға тұрақтылығын сақтау мен халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.
– Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық тұрақтылықтың негізгі кепілі. Ел Президенті баға тұрақтылығын жеке бақылауында ұстап отыр. Облыста өндірілетін өнім көлемін арттырып, ішкі нарықты өз тауарларымызбен толық қамтамасыз етуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ өңір басшысы «Бәйтерек» және «Аса» шағынаудандарындағы әлеуметтік дүкендерді аралап, баға мен тауар сапасына назар аударды.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 12, ал Жуалы ауданында 1 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Биылғы жылдың басынан бері аталған дүкендерге жалпы құны 68 миллион теңге болатын тауарлық интервенция жүргізіліп, негізгі азық-түлік өнімдері әлеуметтік бағада сатылымға шығарылған.

