ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ ОРЫНДАЛУДА
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы Әдеп жөніндегі кеңестері Агенттіктің алқалы консультативтік-кеңесші органдары болып табылады. Олардың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметшілердің әдепке сай мінез-құлық мәдениетін арттыру және әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру болып табылады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің 11 отырысы өтіп, онда барлығы 79 мәселе қаралған. Оның ішінде 31-і тәртіптік іс болса, 45-і профилактикалық сипаттағы мәселелер.
Кеңес қараған барлық сұрақтар бойынша 156 ұсыным әзірленген, оның 34-і тәртіптік істерге, ал 122-сі профилактикалық бағыттағы ұсыныстарға қатысты. Нәтижесінде 10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным берілді. Оның екеуі қызметтік әдеп нормаларын сақтамағаны, сегізі мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар 24 тәртіптік іс тоқтатылған.
Қызметтік тәртіпті нығайту және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың басшыларына 122 ұсыным жолданды. Олар әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын үйлестіру, тәртіптік комиссиялармен өзара әрекеттесу және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету шараларын қамтиды.
Есепті кезеңде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері 42 жеке қабылдау өткізіп, 56 азаматтың өтінішін қараған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен әдеп нормаларын түсіндіру бойынша 184 түсіндіру шарасы ұйымдастырылды.

