BASTY BETJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің еңбегін, денсаулығын және құқықтарын қорғау мемлекет саясатының маңызды бағыты болып табылады. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде департаменттің бақылау шараларының нәтижесінде облыс бойынша 400-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау аясында жүргізілген тексерулердің қорытындысымен 44 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді (оның ішінде 43-і мемлекеттік қызметші, 1-і жеке тұлға).

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарына қатысуына жүргізілген талдау нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың 33 қызметшісі тиісті оқудан өтті.

Тәртіптік комиссиялардың қызметіне қатысты талдау нәтижесінде 2 мемлекеттік қызметшіге қолданылған тәртіптік жазалардың күші жойылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары өтелуі тиіс. Осы орайда, департаменттің тақырыптық талдауы нәтижесінде 134 қызметшіге жалпы сомасы 189 271 теңгені құрайтын өсімпұл сомалары төленді.

Бұдан бөлек, еңбек заңнамасы бойынша үстеме жұмысқа тартылған қызметшілерге қосымша тынығу сағаттары ұсынылады. Жұмыс уақыты режимінің сақталуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 11 қызметшіге 11 сағаттан астам демалыс уақыты берілді.

Сонымен қатар, «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтан жүргізілген бақылау нәтижесінде 176 мемлекеттік қызметшіге 217 сағаттан астам қосымша демалыс уақыты беріліп, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *