BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚАЖЕТТІ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ ІСІ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Жамбыл облысында инвестициялық жобаларды сапалы кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр,-деп  хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі облыс әкімдігінің баспасөз  қызметіне сілтеме жас

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңеске жұмысшы мамандықтар жылы аясында бизнес өкілдері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Іс-шара Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде өтті.

Кеңесте инвестициялық жобаларға кадр даярлау, көші-қон заңнамасының сақталуы, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралды. Аймақ басшысы студенттердің қолөнер және өндірістік жобалар көрмесін тамашалап, оң бағасын берді.

Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, 2025 жылы өңірдегі 42 колледжді 7 020 студент тәмамдайды. Оның ішінде 3 880 түлек мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған.

Инвестициялық жобалар аясында кадрлар даярлау мақсатында Шу және Қордай аудандарында шетелдік колледждердің филиалдарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, №11 Сарысу және Жаңатас көпсалалы колледждері «Qazaq Soda» және «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС кәсіпорындары ашатын 1000-ға жуық жұмыс орнына мамандар даярламақ.

«Қазфосфат» ЖШС-ның «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені Талас ауданы Қаратау құрылыс техникалық колледжінде құзыреттілік орталығын ашты. Аталған оқу орны «Talas Investment Company» және «Жамбыл-Недр» компанияларына да мамандар даярлау алаңы ретінде қызмет ететін болады.

Сондай-ақ, «Knauf» компаниясы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде құзыреттілік орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастама оқу орнының техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жастар үшін жаңа тәжірибелік алаңдарды қалыптастырады.

2029 жылға дейін өңірде жүзеге асырылатын 62 инвестициялық жоба шеңберінде 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

– Инвестициялық жобаларға қажет мамандарды даярлау ісіне білім беру ұйымдары қазірден бастап белсенді атсалысуы қажет. Бұл ретте колледждердің әлеуетін тиімді пайдаланып, онымен тығыз ынтымақтастық орнату маңызды, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау үшін оқу бағдарламаларын жетілдіру және техникалық жабдықталуды жақсарту қажет. Сонымен қатар, облыс әкімі жауапты мекемелерге инвесторлармен бірлесіп студенттерді жұмысқа орналастыру бағытында нақты жоспар әзірлеуді тапсырды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда олар «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алуда. Дегенмен, заңнаманың қатаң сақталуы басты назарда болуы тиіс. Әсіресе, көші-қон талаптары мен құқықбұзушылықтардың алдын алу маңызды, – деп атап өтті өңір басшысы.

Кеңес барысында облыстың бірқатар басқарма басшылары – полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасады.

Сондай-ақ, «Кнауф гипс» ЖШС, «Qazaq Soda» ЖШС, «НДФЗ» ЖШС және «QyzylshaZher» ЖШС басшылары да сөз сөйлеп, кадр даярлау мәселесіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында бизнес өкілдері облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *