TARAZ 24 ONLINE kz

ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ – ДӘСТҮР МЕ, ҚЫЛМЫС ПА?

Технология мен өркениет шарықтаған заманда да қыз алып қашу секілді ескі салттың ел ішінде әлі де кездесуі қоғамды ойландырмай қоймайды. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде үш жүзге жуық осындай жағдай тіркелген. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да қызу талқылануда,-деп хабарлайды  «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі

Біздің соңғы зерттеулер нәтижесінде қоағмдағы қыз алып қашуға байланысты пікір екіге жарылды.  Бірі «дәстүрдің сарқыншағы» десе, енді бірі «қалтаның жұқалығы мен жауапкершіліктің аздығынан туатын қылмыс» деп бағалайды. Ал, бұл «салттың» салдарынан талай арудың тағдыры қиылып, бақыт іздеген өмірі қасіретке айналып келеді.

Депутаттардың келтірген дерегіне сәйкес, соңғы үш жылдың өзінде полицияға екі жүзден астам шағым түскен. Ал жергілікті полиция қызметкерлері мұндай қылмыс үшін, кінәлі  жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп отыр.

Қыз алып қашу ісі заң жүзінде «адам ұрлау» бабымен қаралады. Биыл облыс бойынша адам ұрлаудың бір дерегі тіркелсе, былтыр төрт жағдай болған. Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес, мұндай әрекет үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал, топтасып немесе күш қолдану арқылы жасалса — жаза мерзімі жеті жылдан он екі жылға дейін ұлғаяды, — дейді облыстық полиция департаментінің маманы Сейтжан Үсенбаев.

Мәжілістің жуырдағы жалпы отырысында бұл мәселе екінші оқылымда қаралып, Қылмыстық кодекске жаңа бап — «Некеге тұруға мәжбүрлеу» енгізілді. Енді қыз алып қашқандар екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе түзеу жұмыстарына тартылады. Кей жағдайларда екі жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін. Ал егер қылмыс кәмелетке толмағанға жасалса немесе ұйымдасқан топтың қатысы болса, жаза мерзімі он жылдан он бес жылға дейін ұзарады.

Қоғамда бұл мәселеге қатысты көзқарас сан алуан. Бірі — «бұрынғының ғұрпы» десе, енді бірі – «ар-намысты таптау» деп қабылдайды. Кейбір зерттеушілер қыз алып қашудың түпкі мәні — ғашықтардың келісімімен некеге тұруға қоғам тарапынан кедергі болған жағдайда, әлеуметтік шектеуді айналып өтудің тәсілі болғанын айтады. Алайда бүгінде бұл ұғым өз болмысынан айырылып, зорлық пен мәжбүрлеуге айналғаны анық.

Бұл ретте «Асабалар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев былай дейді:

-«Жеті жарғының» өзінде қыз алып қашу ерлікке жатпайтыны айтылған. Егер атастырылған қызды алып қашса, қалыңмал қайтарылады, айып салынады. Яғни мұның да өз шегі, өз жазасы болған. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Ал бұл — тозығына айналған түрі, — дейді ол.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын елімізде бес мыңға жуық қыз осындай жағдайдың құрбанына айналады. Соңғы бес жылда 256 шағым түсіп, олардың тек бесеуі ғана сотқа жеткен. Ал жаңа заң бойынша кінәлілер бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жіберілді. Енді жоғарғы палата мен Президенттің қол қоюы қалған.

Қыздың тағдыры -елдің намысы. Ал намысты дәстүрмен шатастыру -қауіпті. Дәстүр адамды сақтауы керек, құрбан етпеуі тиіс.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *