ОБЛЫС ӘКІМІ МЕРКІ АУДАНЫНДАҒЫ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКЕН НЫСАНДАРДЫ ТЕКСЕРДІ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, 2025 жылы күрделі жөндеуден өткен бірқатар әлеуметтік және әкімшілік нысанның жағдайымен танысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен аймақ басшысы аудандық полиция бөлімі орналасқан ғимаратты аралады. Нысанның жалпы аумағы 620 шаршы метрді құрайды. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Фортис контрекшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жөндеу 2024 жылдың қазан айында басталып, 2025 жылдың қазанына дейін жалғасқан. Жобаның жалпы құны 444,3 млн теңге.
Сапар барысында облыс әкімі қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің маңыздылығын еске салды.
Одан кейін өңір басшысы аудандық мемлекеттік архив ғимаратының жұмысымен танысты. Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған. Архив қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және құжаттарды сақтауына қажетті жағдайлар қарастырылған. Ғимаратта үш арнайы қойма бар, қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі 280 орындық «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының құрылыс барысын да тексерді. Аймақ басшысы нысанды биылғы жылдың 1 наурызына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

