BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кең көлемді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқын алды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Бүгін өңірде «Таза қала» акциясы шеңберінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, қала көшелері, аулалар, саябақтар мен қоғамдық аумақтар тазартылды. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Тараз қаласындағы Сәтпаев көшесі бойында, №17 және №19 үйлердің маңына 250 түп ағаш отырғызылды. Іс-шараға қала тұрғындары, ардагерлер мен жастар белсене қатысты.

Сонымен қатар Қызылабад алқабында жасыл желекті көбейту мақсатында 10 мың түп қаратал көшеті егілді. Жоспар бойынша бұл аумақта жалпы 20 мың түп ағаш отырғызу көзделген.

Экологиялық акция аясында Қарасу-2 каналының бойы да тазартылып, арық жүйелері мен су өткізу арналары қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар су тасқынының алдын алу және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Мұндай сенбілік және көгалдандыру шаралары облыстың барлық аудандарында қатар өткізілуде.

Жалпы деректерге сүйенсек, бүгінге дейін акцияға 16,8 мыңнан астам адам мен 850-ден аса кәсіпорын мен мекеме қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мың түп көшет отырғызылып, 1,5 мың шақырымға жуық көше жолдары мен 410 шақырым арық және каналдар тазаланған. Сондай-ақ 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер абаттандырылып, 1,8 мың тонна қоқыс шығарылған.

Экологиялық мәдениетті дамыту бағытында да жұмыстар жүйеленіп келеді. Тараз және Қаратау қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жүйесі енгізіліп, арнайы ақпараттық платформа іске қосылған. Бұдан бөлек, Telegram-бот арқылы тұрғындардан 263 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі уақытылы қаралған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *