МӘЖІЛІС ЖАҢА ҚҰРЫЛЫС КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫН БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА МАҚҰЛДАДЫ
2025 жылғы 8 қазанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжаттарды Үкімет Мемлекет басшысының сәулет және құрылыс саласындағы қатынастарды реттеуді жетілдіру, сондай-ақ саланың жүйелі мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірлеген.
Жаңа Кодекс жобасы аясында құрылыс нарығы субъектілерінің рөлін нақтылау және саралау, отандық ғылымды қолдау, құрылыс туралы шешім қабылдау кезінде қоғамның қатысуын қамтамасыз ету қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау шаралары күшейтіліп, қала құрылысының сапалы жоспарлануына басымдық берілген.
Сейсмикалық аймақтарда жобалау мен құрылыс жүргізудің жаңа талаптары енгізіліп, құрылыс саласының инженерлерін сертификаттау тетігі қарастырылған. Сондай-ақ «жедел бақылау шарасы» мен «жоспарлы инспекциялау» сияқты жаңа бақылау жүйелері енгізіледі.
Құрылыс саласын автоматтандыру және цифрландыру мақсатында бірыңғай цифрлық экожүйе құру жоспарланған. Бұл жүйе тапсырыс берушілер мен мердігерлерге арналған бірыңғай интерфейс арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Ұсынылған нормалар құрылыс нарығын монополиясыздандыруға, аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Аталған заң жобалары бойынша одан әрі жұмыс Мәжілістің жұмыс топтарында депутаттардың қатысуымен жалғасады. Екінші оқылымда қабылданған соң құжаттар Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.