BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ МӘДИ ТАКИЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы министрі Мәди Такиевті қабылдап, республикалық бюджеттің орындалуы және мемлекет қаржысын цифрландыруды ілгерілету жұмыстары жөнінде баяндама алды деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің мәліметінше, биыл республикалық бюджетке 21,6 триллион теңге көлемінде кіріс түскен, оның 15,2 триллион теңгесін салық түсімдері құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,4 пайызға көп. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет 101,6 пайыз орындалып, оның әлеуметтік бағыты сақталып отыр.

Кездесу барысында салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру шаралары, сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері туралы ақпарат берілді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын іске асыруға ерекше көңіл бөлінген. Заң рәсімдердің мерзімін қысқарту, ашықтықты қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерді қолдауды көздейді. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесіндегі талдау және бақылау үдерістері толық автоматтандырылған.

Мемлекет қаржысын цифрландыру аясында Big Data жүйесін қалыптастыру және толықтыру, сондай-ақ салық пен кеден салаларына жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарына мән берілуде.

Сондай-ақ Президентке мемлекеттік аудиттің нәтижелері таныстырылып, биылғы 8 айда 791 тексеру жүргізілгені және 337,5 миллиард теңге сомасындағы қаржының заңсыз жұмсалғаны анықталғаны хабарланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау, сондай-ақ цифрландыру мен заманауи бақылау тетіктерін одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *