ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ: ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕСТЕ ЖАҢА ҚҰРАЛДАР ПАЙДАЛАНУДА
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасап, ведомство қолға алып жатқан жаңа тәсілдер мен цифрлық жобалар жайлы айтты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша көлеңкелі экономиканың деңгейі 16,7 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайыздық тармаққа төмендеген. Елеулі оң өзгеріс ішкі сауда, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында байқалғанымен, аталған бағыттағы мәселелер өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күресте жүйелі шараларды жалғастыруда.
Мәди Такиевтің мәліметінше, биыл Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды үйлестіруші негізгі мемлекеттік орган ретінде белгіленген. Ведомство жаңа тәсілдер әзірлеп, мемлекеттік органдардың даму жоспарларына KPI көрсеткіштері мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл функцияларын енгізген. Сондай-ақ тәуекел деңгейі жоғары салалар үшін арнайы жол карталары қабылданды.
Экономиканы көлеңкеден шығару үшін жасанды интеллект пен цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Бұл бағыттағы негізгі жоба – Smart Data Finance жүйесі. Ол үлкен деректерді талдау арқылы салықтан жалтару схемаларын анықтап, салық төлеушілердің цифрлық бейінін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір жүйеге 74 дерек көзі қосылған, жыл соңына дейін тағы 30 интеграция жоспарланып отыр.
Министр шағын және орта бизнес арасындағы салықтан жалтару әрекеттерін де атап өтті. Бір мекенжайда бірнеше компанияны тіркеу, кассалық тәртіптің сақталмауы, фискалдық чек бермеу фактілері әлі де кең таралған. 2024 жылы осындай 402 мың дерек тіркелген. Соған қарамастан, жүргізілген бақылау шаралары нәтижесінде заң бұзушылықтар азайып келеді: биыл 70 мың кәсіпкер чек беруді қайта бастаған.
Сонымен қатар Мәди Такиев салықтық әкімшілендіруді цифрландыру бағытындағы жаңа сервистердің нәтижесін баяндады. Электрондық шот-фактураларды биометриялық тексеру жүйесі 33 млрд теңгеден астам сомаға жалған құжаттарды жазу әрекеттерінің алдын алған. Е-таңба жобасы мен автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы жыл сайын бюджетке шамамен 100 млрд теңгеге дейін қосымша түсім түспек.
Қаржы министрлігі мен Ұлттық Банк бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» пилоттық жобасын іске асырып келеді. Цифрлық теңге арқылы есеп айырысу көлеңкелі айналымды азайтып, жеткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Ведомство басшысы акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымына қарсы шаралар туралы да айтты. 2025 жылдың тоғыз айында 1 млн литрден астам алкоголь, 6,6 млн темекі қорабы және 55,6 мың тонна мұнай өнімі тәркіленген. Тексеріс нәтижесінде бюджетке 7 млрд теңгеден астам қосымша акциз түсімі қайтарылды.
Кедендік әкімшілендіру саласында да цифрландыру үдерісі күшейтілуде. SmartCargo платформасы теміржол және әуе тасымалдары бойынша алдын ала ақпарат жинап, «KEDEN» ақпараттық жүйесімен интеграцияланбақ. Бұл қағазсыз рәсімдерге көшуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық бақылау органдарының бірі ретінде 2024 жылдың басынан бері 173 әкімшілік материалды қарастырып, 5,9 млрд теңге айыппұл салған. Декларацияланбаған шамамен $1,5 млн көлеміндегі валютаны әкету әрекеттерінің жолы кесілді.
Министр ауыл шаруашылығына бөлінген несиелер мен субсидиялардың мақсатсыз жұмсалу фактілерін де атады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 13 млрд теңге несие ауыл шаруашылығына қатысы жоқ нысандарға бағытталған. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарау ұсынылды.
Баяндаманың қорытындысында Мәди Такиев көлеңкелі экономиканың үлесін азайту үшін үш негізгі бағытты атады:
біріншіден, цифрландыру мен ақпарат алмасуды күшейту;
екіншіден, тасымалдаушылар үшін өткізу пункттері мен инфрақұрылымды дамыту;
үшіншіден, мемлекеттік сатып алулар мен басқа да тәуекелі жоғары салаларға цифрлық теңгені кеңінен енгізу.