BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҮКІМЕТТЕ 2026-2028 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БОЛЖАМЫ ҚАРАЛДЫ

Үкімет отырысында елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында қаралды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, негізгі сценарийге сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 5,4%-ды құрайды. Ал үш жылдағы орташа жылдық қарқын 5,3%-ға жетпек. Номиналды ЖІӨ көлемі 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.

Экономиканың негізгі драйверлері ретінде нақты сектор мен қызмет көрсету саласы аталды. Өңдеуші өнеркәсіпте 2026 жылы 6,2%, 2028 жылы 6,6% деңгейінде өсім күтіледі. Құрылыс саласында орташа өсім 11%, көлікте – 10,1%, саудада – 6,7% шамасында болмақ.

Экспорт көлемі 2026 жылғы $77,1 млрд-тан 2028 жылы $83,7 млрд-қа дейін, ал импорт $67,7 млрд-тан $75,2 млрд-қа дейін артады деп болжанып отыр.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджет кірістері 2026 жылы 19,2 трлн теңгеден 2028 жылы 23,2 трлн теңгеге дейін өседі. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,77 трлн теңге мөлшерінде белгіленеді.

Бюджет тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 0,9%-ға дейін төмендейді. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге шаққанда 4,9%-дан 2,7%-ға дейін қысқармақ.

«Кірістер мен шығыстардың осындай көлемінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді», – деді Серік Жұманғарин.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *