ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҰСТАЗДАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҚҰТТЫҚТАУ ЖОЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Ұстаздар күніне орай қазақстандық мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласы қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент сөзінде ұстаздардың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұғалім – әрбір азаматтың өмірінде қадірлі тұлға, ұлт болашағын тәрбиелеуші басты күш. Мемлекет басшысы білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша ұстаздарға алғысын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бес жылда білім саласын дамытуға айтарлықтай қадамдар жасалғанын айтты. Білімге бөлінетін қаржы көлемі үш есе ұлғайып, 1200 жаңа мектеп ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 150 заманауи білім ошағы салынса, тағы 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін арнайы заң қабылданып, педагогтердің жалақысы екі есеге артқаны атап өтілді.
Президент мұғалім мамандығына жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын жеткізді. Биыл ұстаздарды даярлауға 13 мыңнан астам грант бөлінгенін, бұл жалпы мемлекеттік гранттың бестен біріне жуығын құрайтынын айтты. Сонымен қатар, қазақстандық оқушылардың халықаралық білім сайыстарында жеткен жетістіктеріне тоқталып, бұл ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың табандылығының нәтижесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы білім беру ісінде саналы тәрбиеге ерекше мән берілетінін жеткізді. Осы мақсатта барлық мектептерге «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына ұстаздар қауымы қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Президент сөзінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні білім беру саласында кеңінен қолданудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, оқушылардың да, ұстаздардың да заманауи технологияларды меңгеруі – уақыт талабы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісінде ұстаздардың ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, әділдік пен заң қағидаттары мектеп партасынан бастау алуы тиіс.
Жиын барысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар педагогтерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар бар.
Іс-шарада «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Мұхтар Талқанбаев пен «Әділет» балабақша-мектеп кешенінің мұғалімі Татьяна Құдайбергенова сөз сөйледі.