«TAZA QAZAQSTAN» ROAD-ЭСТАФЕТАСЫ БАСТАУ АЛДЫ
Алматы облысы Тарғап ауылы маңындағы кемпинг-алаңда «Taza Qazaqstan» экологиялық road-эстафетасының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шара барысында қатысушылар бір апта ішінде Алматы және Шымкент қалалары мен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсермек. Дәстүрлі акцияға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар қатысуда, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Эстафетаның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарауды насихаттау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өз сөзінде климаттың өзгеруі, су тапшылығы, ауаның ластануы сынды жаһандық қауіптерге назар аударып, экологияны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, эстафета қоғамды бірлесе әрекет етуге үндейді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акция аясында қоқыс жинау шараларымен қатар, жастарға арналған мәдени-ағартушылық бағдарламалар, депутаттардың тұрғындармен кездесулері, қоғамдық қабылдаулар және ашық алаңдағы жаттығулар ұйымдастырылады. Сонымен бірге тарихи-мәдени нысандарды вандализмнен қорғау бағытында жұмыстар жүргізілмек.
Акция барысында белсенділер жол бойындағы аумақтарды тазалап, қоқыс арнайы полигондарға жеткізіледі. Жұмыс квадрокоптер арқылы аэробарлау нәтижелеріне сүйене отырып ұйымдастырылады.
Өткен жылы «Жастар Рухы» қозғалысының 2 мыңнан астам мүшесі Астанадан Алматыға дейінгі 1200 шақырымдық жолды жүріп өтіп, 100 тонна қоқыс жинаған болатын. Биылғы мақсат – қоқыс жинаумен қатар, оны сұрыптау арқылы елдің экологиялық мәдениетін арттыру.
Айта кетейік, соңғы бір жарым жылда «Таза бейсенбі» акциясы аясында республика бойынша 1000-нан астам аумақ абаттандырылып, 160 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Экологиялық бастамаларды жүйелі жүзеге асыру – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі.