ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ ЖОЛЫНДА ЦИФРЛАНДЫРУ БАСЫМ БАҒЫТ БОЛМАҚ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына қатысты жаңа стратегиялық мақсаттарды жариялап, Қазақстанның алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz телеграм арнасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі тұрақсыздық жағдайында негізгі мақсат – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Президент өскелең ұрпақтың бақытты өмір сүруі үшін қоғам біртұтас болып, табанды еңбек ету қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ ол соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды саяси реформалардың жүзеге асқанын, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі артқанын жеткізді. Экономикада да инфрақұрылым мен жаңа өндірістерге инвестиция құйылып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралар қолға алынып жатқанын айтты.
Президент жасанды интеллектінің дамуы бүкіл әлемде адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертуде екенін айтып, Қазақстан бұл өзгерістерге дайын болуы тиіс екенін қадап айтты. Оның сөзінше, артта қалу ел үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
«Сондықтан біз батыл әрекет етіп, барлық реформаны салмақты әрі жан-жақты ойластырып жүзеге асыруымыз керек. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.