БАЙЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ №7 МЕКТЕП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН
Білім күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектептің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Аталған білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, пайдалануға берілген. Бүгінде мектепті білікті ұстаз Гүлмира Есентаева басқарады. Журналистерге жұмыс барысын педагог-ұйымдастырушы Аружан Кәрімқызы таныстырды.
Мектептің 360 орынға арналған асханасы, 500 орындық мәжіліс залы және кең спорт залы талапқа сай жабдықталған. Бастауыш сынып кабинеттері жинақы әрі әсем безендірілген. Әр қабатта коворкинг аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ медициналық кабинет, шығармашылық бөлмелер, заманауи құралдармен жабдықталған химия мен биология кабинеттері жұмыс істейді. Кітапхана қорында 13 мыңнан астам кітап болса, соның 4020 данасы – көркем әдебиеттер.
Еңбекке баулу сыныптары ұлдар мен қыздарға бөлек жабдықталған. Қыздарға арналған ас дайындау бөлмесі мен тігін кабинеті бар. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айзат Ұзатова тігін үйрету тәсілдерімен бөліссе, биология пәнінің мұғалімі Эльмира Төлепова оқушыларға гидропоника әдісі бойынша қияр мен қызанақ өсіруді үйретіп жатқанын айтты.
Мектептің бір жыл ішінде жеткен жетістіктері де аз емес. Волейболдан оқушылар құрамасы республикалық турнирде топ жарса, жағажай волейболы мен шахматтан да үздік шыққан. «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» байқауларында аудандық және облыстық деңгейде жүлдегерлер шықты. Өткен жылы 16 оқушы облыстық пән олимпиадасына қатысып, төртеуі жүлделі орын алды.
Журналистермен бірге мектепті аралаған 81 жастағы Салиха Есқараева бүгінде төрт немересінің осы мектепте оқитынын айтып, білім ошағына ақ батасын берді. Жас ата-ана Шынар Асқарқызы да мектептің жағдайына ризашылығын білдірді.
Мектеп 600 оқушыға арналған. Ұжым жаңа оқу жылына ауқымды жоспарлар құрып отыр. Айта кету керек, өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында бүгінге дейін 4 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 мектеп ашылмақ.