ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ФРАНЦИЯДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Франция Республикасына жұмыс сапарымен барды. Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара барысында делегация өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, өнеркәсіп, су шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында француз компанияларымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады,- деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар аясында жамбылдық делегация Орлеанда өткен Француз минералдық өнеркәсібі қауымдастығының (SIM 2025) 74-ші конгресіне қатысты. Форумда A3M (Франция тау-кен, металлургия және болат кәсіпқойлары федерациясы), Ұлттық геологиялық қызмет (BRGM) және Mines Paris – PSL инженерлік мектебінің өкілдерімен кездесулер өтті. Тараптар пайдалы қазбаларды тұрақты өндіру және өңдеу, геологиялық деректерді цифрландыру, төмен көміртекті технологияларды енгізу және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде өнеркәсіптік пайдалы қазбалар саласында әлемдік көшбасшы саналатын халықаралық Imerys тобының басшылығымен кездесу өтті. Бұдан бөлек, Париж қаласында делегация HydroPlus, Freyssinet, Aden Group, Alstom, және Saint-Gobain секілді ірі компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
HydroPlus компаниясымен кездесуде су қоймалары мен бөгеттерді қайта жаңғырту, су тасқынынан қорғану жүйелерін жетілдіру мәселелері қаралды. Компания Fusgate технологиясын жергілікті деңгейде енгізуге қызығушылық білдірді. Freyssinet компаниясымен стадионды жаңғырту, ал Aden Group өкілдерімен өнеркәсіптік аймақтар инфрақұрылымын дамыту талқыланды.
Alstom компаниясы Шу қаласындағы колледждер базасында теміржол саласы мамандарын даярлауға арналған оқу алаңын құру бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал Saint-Gobain компаниясына құрылыс саласында техникалық кадрлар даярлау орталығын ашу ұсынылды.
Делегация сондай-ақ Овернь–Рона–Альпі өңірінде орналасқан Vicat тобының өндірістік алаңында болды. Кәсіпорын шикізатты қайта өңдеу мен айналмалы экономика технологияларын таныстырды. Аталған компания «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» жобасын іске асырғаны белгілі, оған салынған инвестиция көлемі 350 миллион АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ өңірлік өнеркәсіп палатасы, Medef кәсіпкерлер қауымдастығы, Poma және Berthoud компанияларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының минералды-шикізат қоры мол, географиялық тұрғыдан қолайлы әрі инфрақұрылымы дамыған өңір екенін атап өтті. Ол аймақтың инвесторлар үшін ашық екенін айтып, шетелдік серіктестерге индустриялық алаңдар, әкімшілік қолдау және білікті кадрлар ұсынуға дайын екенін жеткізді.
– Жамбыл облысы мен Францияны тұрақты серіктестік байланыстырады. Vicat, TotalEnergies, Alstom және Saint-Gobain компаниялары жүзеге асырып жатқан ауқымды жобалар соның айғағы. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асып отыр, – деді Ербол Қарашөкеев.
Келіссөздер қорытындысында тараптар өндірістік, инвестициялық, ғылыми-техникалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік танытты.