МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАПОНИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Иваны қабылдап, қазақ-жапон стратегиялық серіктестігінің даму перспективаларын талқылады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіріп, оның Астанаға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретініне назар аударды. Президент Жапония Премьер-министрі Шигеру Ишибаның Қазақстанға ресми сапармен келуіне дайындық жүріп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Такеши Ивая қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Жапонияның халықаралық тәртіпті нығайтуға мүдделі стратегиялық серіктестер екенін айтты. Министр бұл сапардың екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.