ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ҚОЙЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ ӨТТІ
Шу ауданында өткен көрмеде өңірдегі шаруалардың 200-ден аса асыл тұқымды қошқары таныстырылды,- деп хабарлайды«Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі облыс әкімдігінң баспасөз қызметіне сілтеме жасап .
Шараға ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен қой шаруашылығын жанындай сүйетін тұрғындар қатысты.
Көрме барысында қатысушылардың арасында бірнеше байқау ұйымдастырылды.
Әуелі 110 келілік қошқар көтеру сайысы өтті. Алып қошқарды Түркістан облысынан келген Құттыбай Сарыбаев 33 мәрте көтеріп, бас жүлдеге ие болды. Бірлікүстем ауылының тұрғыны Кенже Қожи қошқарды 16 рет арқалап, екінші орынды еншіледі. Шопан ата төлін 15 рет көтерген далақайнарлық Данияр Шәкіров үздік үштікті түйіндеді. Барлық жеңіпаздарға қаржылай сертификат берілді.
Бұдан соң 8 қатысушы қой қырқу бойынша шапшаңдық пен ептіліктерін сынады. Кейіннен қойды жіліктеу жарысы өтіп, үш қойдың еті қайырымдылыққа жұмсалды.
Асыл тұқымды қойлардың көрмесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ет, сүт өнімдері мен «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсіп бастаған азаматтардың тауарлары нарық бағасынан төмен бағада саудаланды.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы 1700-ден аса шаруа қожалықта 3,5 миллион қой бар.