СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ: МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ РЕФОРМАЛАРЫ АЯСЫНДА ТОПТАСУ АСА МАҢЫЗДЫ
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасының негізгі мәнін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға Сенат депутаттарымен бірге сарапшылар қауымдастығының, ғылыми және талдау орталықтарының, салалық институттардың өкілдері, сондай-ақ Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың стратегиялық маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға деген сұранысының айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Конституциялық реформа – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасы заң мен тәртіп қағидаттарына, азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне, табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға және орнықты даму бағдарына негізделген. Бұл – Әділетті Қазақстан идеясын нақты конституциялық нормалар арқылы жүзеге асырудың көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Конституция жобасы Қазақстанның даму философиясын жаңартып, мемлекеттіліктің жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат екенін атап өтті. Ол қоғамдық талқылаудың ауқымды екенін және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Конституциялық комиссияның жұмысы ашық және жария түрде жүргізілуде. Отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Комиссияға азаматтардан көптеген ұсыныстар түсті. Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық талқылау барысында қалыптасуда. Бүгінгі дөңгелек үстел – осы жауапты диалогтың бір бөлігі. Алдағы кезеңде Конституцияда айқындалған құндылықтар мен идеяларды нақты тетіктерге, болашақ заңдар мен құқық қолдану тәжірибесіне көшіру маңызды», – деді Сенат Төрағасы.
Іс-шара барысында Сенат Төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі.
Сонымен қатар «AMANAT» қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова, «Ұлттық энергия үнемдеу орталығының» басқарма төрағасы Елдос Абақанов және білім беру саласының сарапшысы Мәдина Тыныбаева жаңа Ата Заң жобасы жөнінде пікір білдірді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызды екенін атап өтіп, алдағы уақытта сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

