BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАРАЛИМПИАДА КОМИТЕТІ МЕН АЗИЯ ПАРАЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті. Мемлекет басшысы паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын жоғары бағалап, еліміз осынау ізгі мақсатты қуаттайтынын атап өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпарат агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент отандық паралимпиадашылардың әлемдік аренадағы табыстары Қазақстанның инклюзивті, орнықты және әлеуметтік жауапкершілік арқалаған мемлекет ретіндегі келбетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.


– Орайлы сәтті пайдаланып, бүкіл әлемде, Азия құрлығында және Қазақстанда паралимпиада қозғалысын ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздермен сенімді серіктес болуға әзірміз. Келешекте қозғалысты дамытып, нығайту мақсатында бірлесіп көп жұмыс істейтінімізге күмән жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Эндрю Парсонс пен Маджид Рашед паралимпиада спортына және Астанада Азия паралимпиада комитеті Бас ассамблеясының 8-ші сессиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонстың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар тоғыз медаль жеңіп алып, алғаш рет екі алтын медальға ие болды. Бұл – жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған стратегияның нәтижесі екенін баса айтты.

Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашед те Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдайға тоқталып, Астанадағы жылы қабылдауға ризашылығын білдірді.


– Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, – деді ол.

Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу, сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев паралимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Эндрю Парсонс пен Маджид Рашедті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын 800-ден аса түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан аса спортшы бар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *