JAŃALYQTARQOǴAM

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА АУРУ ОШАҒЫ АЗАЙҒАН

Былтыр облыста 4 ауру түрінен 17 ошақ анықталып, тиісті жұмыстар толық жүргізілді. Дегенмен сандық дерек ауру ошағы 2023 жылмен салыстырғанда 25% -ға азайғанын көрсетті. Салаға мемлекет және облыс  тарапынан қолдау да артып келеді. Жолға қойылған жоспар мен саладағы олқылықтар жайлы мақалада тарқатамыз!

Ветеринария саласына былтыр  4,2 млрд. теңге бөлінсе, биыл 4,6 млрд. теңге қарастырылды. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында облыстық бюджет есебінен 50 дана нива автокөліктері, ветеринариялық құрал-жабдықтар және 160 термочемодандармен қамтамасыз етілмек.

Ветеринария саласы мамандарына жүктелген міндет ауқымды. Себебі, ауылдағы адамдардың көпшілігі мал шаруашылығын дамытумен айналысып отыр. Сол себепті мал дәрігерлерінің біліктілігін арттырып отыруымыз керек. Бұл салаға бөлінген қаржы да аз емес, – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Биыл 40 ветеринариялық пунктің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оған 28 жер телімі бөлініп, бүгінде  14 ветпункттің құрылысы басталып кетті.

Облыс аумағында барлығы 160 ветеринариялық пункт бар. Оның ішінде 37 әкімшілік ғимараттарында, 12 жалға алынған, 21 ескі ғимараттарда орналасқан. 2024 жылы жекешелік әріптестік арқылы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында типтік үлгідегі ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілді, – деді Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев.

Салада бәрі мінсіз деуге ерте. Әлі де жақсарту керек жұмыс көп. Оны облыс әкімі де баса айтты. Мсәелен, қаңтар-ақпан айында 257 адам қаңғыбас иттерден зардап шеккен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 80 бала бар.  Жыл басынан ит талау бойынша 2 жағдай орын алған. Осы ретте 2025 жылға қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жансыздандыру мақсатына жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. Бұдан бөлек облыс әкімі жамбылдық ветеринарлар жалақысын кешіктіру фактісінен хабардар екенін жеткізді. Әрі мәселені жылдам ретке келтіруді тапсырды.

Облыстық ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын. Сәйкесінше ақылы қызметтер көрсете алады. Былтыр 13 млн. теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. 2025 жылға ақылы қызмет көрсету бағасы бекітіліп, жыл соңына дейін 174,5 млн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Мөлдір Аманбай

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *