BASTY BETJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА МОПЕД ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ КҮШЕЙДІ

Полиция қызметкерлерінің жүйелі профилактикалық жұмысының нәтижесінде Жамбыл облысында мопед пен скутер жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауында оң динамика байқалуда, – деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпараттық агенттігі, өңірлік полиция департаментінің баспасөз  қызметіне сілтеп.

Қазіргі таңда олардың көпшілігі жүргізуші куәлігімен жүріп, қорғаушы бас киім киеді, жылдамдықты сақтайды және бағдаршам талаптарын орындайды. Жол қозғалысының өзге қатысушылары да мұндай тәртіптің артып келе жатқанын атап өтуде. Автокөлік жүргізушілері мопед мінгендердің әрекеттері бұрынғыға қарағанда болжамды әрі тәртіпті екенін айтады.

Алайда полиция қызметкерлері заң бұзушылықтардың әлі де кездесетінін жеткізді. Көбіне жүргізуші куәлігінсіз көлік айдау және жолаушыларды талапқа сай емес жағдайда тасымалдау тіркелуде. Бұл ретте құқық бұзушылықтардың басым бөлігі кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатыны алаңдатарлық жайт ретінде атап өтілді.

Жыл басынан бері өңірде 200-ден астам рейд жүргізіліп, білім беру ұйымдарында оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Полиция департаментінің мәліметінше, шаралар кешенді профилактикалық бағдарлама аясында жалғасын табады.

– Біздің мақсатымыз – жазалау емес, үйрету. Жолдағы қауіпсіздік тәртіптен басталады. Жастардың көбі мұны түсініп келе жатқаны қуантады, – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ бастығы Манас Әбдікәрімов.

Сонымен қатар, өңірде мопедтерді тіркеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 1 682 екі дөңгелекті көлік ресми түрде есепке алынған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *