BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Оған Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап. 

Президент әлемде жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жаңа технологиялық өзгерістерге жол ашып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт елдің ұлттық дербестігі мен экономикалық өсімінің маңызды кепіліне айналуда. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының дерегіне сүйенсек, 2033 жылға қарай ЖИ нарығының көлемі 4,8 триллион АҚШ долларына жетіп, технологиялық индустриядағы үлесі 29 пайызға дейін өсуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы үшін нақты әрі жүйелі қадамдар қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, медицинадағы сапаны арттыру, заңнамалық базаны қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кадр даярлау және инновациялық экожүйені қолдау мәселелеріне тоқталды.

Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Қорытынды сөзінде Президент Үкіметке екі ай ішінде жасанды интеллектіні дамытуға арналған нақты ұсыныстар мен шешімдерді әзірлеуді тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *