ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ҚҰРМЕТТЕЙТІН ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСЫП ЖАТЫР: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫМЕН СҰХБАТ
Отан отбасынан басталады. Бұл – талқыланбайтын тақырып. Ізгіленген қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Қалыптасқан тұрмыстық қатынастарды бұзып, қылмысқа барушыларды айыптап, жазалау — міндетіміз. Сондықтан қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі саясатты, отбасылық және гендерлік саясатты, сондай-ақ ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті, һәм қоғамдағы әйелдердің рөлін төмендетпей, демографиялық саясатты ақпараттық тұрғыдан қолдап отыру және түсіндіру бізге парыз. Осы орайда Жамбыл облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Серік Сәлемов Todayinfo.kz тілшісіне сұхбат берген еді, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агенттігі.
— Құрметті Серік Жақсылықұлы, бүгін өткізбек сұхбатымыз жалпы алғанда отбасы құндылықтарын сөз ететіндігін сөзімнің басында айта кеткім келеді. Осыған орай алғашқы сұрағымды қоюыма рұқсат етіңіз. Сіз басшылық жасайтын саладағы ілкімді істердің басы неден бастау алады?
— Біздің жалпы қызметіміз өңірдегі отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық арнайы комиссияның жұмысын үйлестірумен және қоғамда заң мен тәртіп идиологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруды қадағалаумен басталады.
— Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты әңгіме қазір қоғамымызда өршіп тұр. Осыған байланысты атаулы мәселенің облысымызда қаншалықты өзекті екендігіне тоқталсаңыз.
— Облысымызда 338,9 мың отбасы бар (1,2 миллион адам). Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алумен әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық арнайы комиссия жұмыс істейді. Биылғы жылдың 1 жарты жылдығында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 102 іс тіркелген. Оның 3-еуі адам өлтіру, 5-еуі денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 8-і денсаулыққа орта дәрежедегі зиян келтіру, 30-ы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 52-сі ұрып-соғу, 1-еуі өзінше билік ету, 1-еуі денсаулыққа абайсызда зиян келтіру, 1-еуі қорлау, 1-еуі қорқыту фактілерін құрайды. Талдау көрсеткендей, отбасындағы қылмыстардың 66,7 пайызы жұмыссыздармен жасалса, оның 88,2 пайызы ер азаматтардың қолымен жасалған.
— Отбасындағы қылмыстардың денін жұмыссыздар мен ер азаматтар жасайтындығын деректеріңіз дәйектеп беріп тұр. Өйткені еліміздегі ресми статистика соңғы бес жылдың көлемінде (2020-2024) ел аумағында 221554 ажырасу тіркелгендігін алдымызға тартады. Ажырасудың жоғары үлесі 25-39 жас аралығындағы ерлі-зайыптылардың арасында байқалады дейді статистика. Себебі дәл осы жас аралығындағылар есірткіге есін алдырған қарасора мен анашаның тұрақты тұтынушыларын топтастырады. Сұрағым мынау. Шу ауданында өсетін кенепшөптен жасалған анаша сынды есірткіні тасымалдау бойынша қанша қылмыстық іс тіркелді? Жалпы есірткі бизнесіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз.
— Жамбыл облысында 1200 тонна жабайы қарасора жойылды, 2 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. 2025 жылдың 6 айында облыс бойынша 249 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Облыс аумағынан басқа өңірлерге есірткі заттарын тасымалдайтын 11 арнаның жолы кесілді. 150 келіден астам марихуана, 130 келі гашиш тәркіленді, 12 адам ұсталды. Жыл басынан бері синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымымен айналысқан 14 адам ұсталып, олардан 12 келіден астам синтетикалық есірткі, 2 тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді. Сонымен қатар 1 есірткі зертханасы анықталды. Алдын алу шаралары бойынша «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 1983 сайт бұғатталды, «Антифрод» жүйесіне 1500 банк шоты бұғаттауға жолданып, 50 миллион теңгеден астам қаржы шығыны тоқтатылды, 225-тен астам граффити-жазба анықталып, боялды. 2025 жылдың 1 маусымынан бастап 30 қазан күндері аралығында Жамбыл облысы аумағында «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Операцияның алғашқы 1 айында полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жүргізген рейдтер нәтижесінде 1200 тоннадан астам жабайы өскен қарасора жойылды.
— Ендігі жерде отбасында зорлық-зомбылық көріп, жәбірленгендерге қандай мекемелерде, нендей көмектердің көрсетілетіндігіне тоқтала кетсеңіз.
— Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1782 құқық бұзушыға қорғау нұсқамалары шығарылып, 170 тұлғаға ерекше талап қойылды. Өңірімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 2 әлеуметтік дағдарыс (Тараз қ., Қордай ауданы) және 7 «Отбасын қолдау» (Тараз қаласы — 2, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Меркі, Мойынқұм), 1 «Анаға тағзым» орталығы (Тараз қ.), 5 кеңес беру кабинеттері (Шу, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм) жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 5 отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда (Қордай, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында).
Бүгінгі таңда 2 дағдарыс орталығында 65 адам (14 әйел, 51 бала) қызмет алуда. Қордай ауданында жалпы саны 40 адамға (13 әйел, 27 бала) қызмет көрсетілсе, орталықта 21 адамға (5 әйел, 16 бала) көмек көрсетілді. Сенім телефондары арқылы 152 кеңес берілді.
Орталықтарда әйелдер балаларымен бірге 6 айға дейін уақытша тұра алады.
«Анаға тағзым» орталығы бойынша 673 адам әртүрлі үйірмелер мен курстарға тіркелсе (205 бала мен 468 әйел-ана), оның ішіндегі 184 әйел-ана кәсіптік оқыту курстарын бітіріп, сертификат алып отыр.
Бүгінде әйел-аналарға арналған 8 курс, балаларға арналған 4 үйірме, 2 консультациялық кабинет (заңгерлік, психологиялық) және 2 клуб жұмыс істейді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық акциясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыстық комиссия ұсынысымен «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» атты бір айлық (30 маусым мен 30 шілде) акция басталып, халық арасында жұмысын жалғастыруда. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік жобалар жүргізілуде. Жас отбасылар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 73 іс-шара өткізіліп, оған 1 686 жас қамтылды. Жыл басынан бастап өңірде аталған бағытта – 26,7 миллион теңгеге жалпы саны 11 жоба жоспарланып, іске асырылуда.
— Осы қоғамда орын алып жатқан отбасылық зорлық-зомбылықтардың негізгі себебіне не жататындығын да біршама сөз етіп, мәлімдей кетсеңіз.
— Жалпы отбасы-тұрмыстық салада құқық бұзушылықтардың негізгі себептеріне ерлі-зайыптылардың бірінің наркологиялық мекемеге орналастыруын сұрауы, ажырасқан ерлі-зайыптылардың ата-аналарының баламен кездесуі жөнінде ортақ шешімге келе алмауы, екі көршінің түсініспеушілігі секілді келеңсіздіктер жатады.
— Ненің болсын алдын алған жақсы. Ендеше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы сөз қозғайтын кезіміз келіп жеткен сияқты. Осы жөнінде не айтарыңыз бар?
— Биыл мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тақырыптық бағыттар тізбесіне «Қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі саясатты, отбасылық және гендерлік саясатты, сондай-ақ ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті, һәм қоғамдағы әйелдердің рөлін төмендетпей, демографиялық саясатты ақпараттық қолдап отыру және түсіндіру» бағыты енгізілді.
Кәмелетке толмағандардың істері тақырыбы мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың «Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі шаралар», «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыруды көздейтін ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру тақырыптары шеңберінде жүзеге асырылуда.
Зорлық-зомбылықпен күрес саясаты облыс жұртшылығы арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы әлеуметтік жобалар шеңберінде де жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде аталған бағытта – 26,7 миллион теңгеге жалпы саны 11 жоба жоспарланып, іске асырылуда. Қазіргі таңда барлық әлеуметтік жобалар бойынша жеңімпаздар анықталып, іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы алғанда, әлеуметтік жобалардың нәтижесінде аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық құндылықтарды нығайту, гендерлік теңдікті арттыру және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілуде. Сонымен қатар, таяуда облыстық полиция департаментімен бірлескен «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды.
— Құқықбұзушылықтар орын алған жерде құқық қорғау органдарының қызметі қажет етілетіндігі белгілі. Осы орайда соңғы кездері аталған салада қандай оң өзгерістердің орын алып жатқандығы жөнінде не айта аласыз?
— Құқық қорғау қызметіне бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (цифрлық рейтинг) енгізілді. Бұл көрсеткіш қызметкерлерді басшылық лауазымдарға ұсыну және іріктеу кезінде ескерілетін болады. Құқық қорғау органдарында басшылық лауазымдарда қызмет атқаратын қызметкерлердің жоспарлы ротация мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Қызметкерлерді жоғары басшылық лауазымдарға ұсыну үшін жоспардан тыс аттестация мен полиграфологиялық зерттеуден өту енгізілді. Сондай-ақ, аттестацияның міндетті кезеңі ретінде психологиялық-социологиялық зерттеу жүргізу енгізілді. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабына 14-1-тармақшасы қосылды, онда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстан шығаруға алып келетін, қызметкердің шығыстарының өз кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты» жұмыстан шығару тармағы қосылды. Аталған өзгерістер құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының ашықтығын, тиімділігін және әділеттілігін арттыруға бағытталған.
— Президентіміз заңның қатаң сақталуын үнемі айтып келеді. Елімізде осыған септесетін «Заң мен тәртіп» қағидасы да қалыптасқан. Дегенмен заң мен тәртіпке бағынатын елміз дегенді халыққа түсіндіру үшін қандай жұмыстар жасалуы керек деп есептейсіз?
— Заң мен тәртіп егіз ұғым іспетті. Бірінсіз бірінің мәні ашылмайды. Сондықтан заң мен тәртіпке бағынатын елміз деуіміз үшін алдымен қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырып, тәртіпті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіспіз деп есептеймін.
Бұл ретте, облыста түрлі ақпараттық жұмыстар өткізіліп келеді. Қазіргі таңда азаматтар құқық қорғау және сот органдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасап, өзекті мәселелер бойынша ашық диалог орнатып келеді.
Осы орайда облысымызда «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, белсенді жастардың қатысуымен жыл басынан бері 120-ға жуық іс-шара өткізіліп, оған 15 000-нан аса адам қамтылды.
Сондай-ақ, Тараз қаласы мен Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Талас, Шу аудандарында құқық қорғау саласының өкілдерімен бірлесе аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, түрлі сала мамандарының және ауданның белсенді жастарының қатысуымен жергілікті тұрғындарға «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру бойынша көшпелі кездесулер өткізілуде. Кездесулер жергілікті тұрғындар үшін маңызды ақпараттармен бөлісу алаңына айналып отыр.
Жастар арасында да бірқатар іс-шаралар өткізіп жатыр. Жыл басынан бері қоғамның құқықтың санасын арттыру, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету мақсатында өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 1099 іс-шара өткізіліп, оған 32 582 жас қамтылды.
Атап айтқанда, жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлыққа, темекіге және құмар ойындарға тәуелділіктің зардабын кеңінен түсіндіру мақсатында Тараз қаласында орналасқан жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарында кездесулер, түсіндірме жұмыстары, семинарлар, TedX форматындағы кездесулер, флешмобтар, фестивальдер өткізілді. Жамбыл облысы Полиция департаментімен бірлесе қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстар өтті. Жастарға жедел басқару орталығы, уақытша ұстау изоляторы, Полиция департаменті мұражайына арнайы экскурсиялар жүргізілді.
Жастарды есірткі және басқа да қауіпті заттардан қорғау, қоғамдық орындарда заңсыз жарнамаларға жол бермеу мақсатында «QORGAN» жобасы аясында тыйым салынған заттарды заңсыз жарнамалайтын граффити жазуларын өшіру акциялары қаламыздағы мөлтек аудандарда ерікті жастармен бірге өткізіліп, жыл басынан бері 158 граффити жазбалары жойылды.
Кәмелет жасына толмаған жастардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруінің алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Кәмелетке толмаған жастардың түнгі уақытта заңсыз жүріп-тұруының алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында жыл басынан бері 410 түнгі рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылды. 253 кәмелет жасына толмаған жасөспірімге әкімшілік хаттамалар толтырылып, ата-аналарына ескертулер берілді. Қазіргі таңда, облыстық Жастар ресурстық орталықтары мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл жоспары бойынша кешенді ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілуде.
Өңірімізде ауқымды акциялар мен іс-шараларды қамтыған құқық апталығы да өтті. Апталық шеңберінде қала мен аудандардағы сауда орталықтарында құқықтық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды. Кеңес беру алаңдарында құқық қорғау органдары, нотариалдық, адвокаттық және жеке сот орындаушыларының палата өкілдері тұрғындарға жеке сұрақтары бойынша кеңес берді. Апталықтың екінші бөлігінде арнайы таратпа материалдар, ақпараттық парақшалар мен буклеттер әзірленіп, тұрғындар арасында кеңінен таратылды. Бұл материалдарда жастар мен ата-аналар үшін маңызды құқықтық мәліметтер, құқықбұзушылықтың салдары, сондай-ақ заң талаптары мен құқық қорғау органдарына жүгіну жолдары қамтылған. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде, жастар көп шоғырланған қоғамдық орындарда құқықтық дәрістер, тренингтер мен ашық пікірталастар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылған шаралар — бұл тек бастамасы ғана. Мұнымен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында жүйелі іс-шаралар жалғасатын болады.
— Қорытынды сөзіңізді бір ғана сөйлеммен қорытындылап жеткізер болсаңыз, не дер едіңіз?
— Біз бүгін отбасы құндылығын құрметтейтін қоғам қалыптастырудамыз дер едім.
— Әңгімеңізге рақмет.