МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ASTANA LRT ЖҮЙЕСІН ІСКЕ ҚОСУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы қоғамдық көлік жүйесін дамыту бағытында жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі — жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Президент елордадағы қоғамдық көлік инфрақұрылымының жұмысымен танысып, LRT жүйесін қадағалайтын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметін де көріп өтті. Орталықта қаладағы көлік қозғалысын реттеу және бақылау жұмыстарын 21 маман атқарады.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесіне арнайы диспетчерлік қызмет құрылып, барлық басқару процестері орталықтандырылған.
Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көліктің елорда үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, Астананың болашақта Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ жобаны жүзеге асырған шетелдік серіктестерге алғыс білдірді.
Осыдан кейін Президент LRT жүйесін ресми түрде іске қосып, алғашқы сапарға қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 сериялы жол жүру картасы табысталды. Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін сапар шекті.
Жоба деректеріне сәйкес, LRT құрамдарының әрқайсысы 600-ден астам жолаушыға арналған. 22,4 шақырымдық желі бойынша 15 құрам (оның 4-і резервте) жүргізушісіз режимде жұмыс істейді. Барлық басқару, жылдамдықты реттеу, есік ашу және төтенше жағдайға әрекет ету жүйелері толық автоматтандырылған. Қосымша қауіпсіздік үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысу мүмкіндігі қарастырылған.
Жүйеде 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша толық жол жүру уақыты шамамен 40 минутты құрайды. Құрамдар орта есеппен сағатына 50–60 шақырым жылдамдықпен қозғалып, әр 5–6 минут сайын қатынайды.
Сонымен қатар қоғамдық көлік жүйесін дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезеңі де қолға алынуда. Жоспарға сәйкес, «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы және Қосшы қаласы бағытында жаңа желі салынады. Жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайтын бұл кезең 20 станцияны қамтиды.

