ПРЕМЬЕР-МИНИСТР КӘСІБИ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ МЕТАЛЛУРГТЕРГЕ ПРЕЗИДЕНТ АТЫНАН МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫС ЕТТІ
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Металлург күні» кәсіби мерекесіне орай тау-кен металлургия саласының қызметкерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалар табыс етті,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпарат агентігі үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тау-кен металлургия кешені – ел экономикасының маңызды секторларының бірі. Сала тәуелсіздік жылдары ішінде тұрақты даму көрсетіп, экономикалық өсім мен әлеуметтік әл-ауқаттың артуына елеулі үлес қосты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6,9 пайызды құрады. Қазіргі уақытта салада 110 мыңнан астам адам еңбек етуде.
Үкімет басшысы металлургияны дамыту мемлекеттік индустриялық саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Өндірісті жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру және озық технологияларды енгізу жұмыстары жалғасады.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осыған орай, тау-кен металлургия саласының қызметкерлеріне, соның ішінде металлургтерге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл алғаш рет екі жаңа мемлекеттік награда – «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары тағайындалды.
Жалпы, ағымдағы жылы саладағы 600-ге жуық еңбеккердің еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Марапатталғандардың қатарында өндіріс озаттары, сала ардагерлері және жұмысшы мамандық иелері бар.
Мемлекеттік наградаларды ҚР Индустрия және құрылыс министрі, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Қостанай облыстарының әкімдері табыс етті.
Сала өкілдері Мемлекет басшысына көрсетілген жоғары баға мен қолдау үшін алғыс білдірді.