БІРНЕШЕ АУЫЛ «ІШІМДІКСІЗ» ДЕГЕН МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛДЫ
Түркістан облысында алкоголь өнімдерін тұтынудан және сатудан ерікті түрде бас тартқан ауылдардың қатары артып келеді,-деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агентігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Төле би ауданындағы Зағамбар, Алғабас және Тағайна ауылдары «арақсыз» елді мекендердің қатарына қосылды.
Осылайша, бүгінгі күнге дейін өңірдегі 66 ауыл ресми түрде салауатты өмір салтын ұстануға шешім қабылдады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ішімдіктен бас тарту қоғамдық ахуалға оң әсерін тигізген: құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, кейбір ауылдарда қылмыс мүлде тіркелмей отыр.
«Бұл елді мекендердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, салауатты өмір салтын ұстану – бұл жай таңдау ғана емес, қауіпсіз әрі үйлесімді болашаққа жасалған қадам», – делінген ресми хабарламада.
Мұндай бастамалар бұған дейін елдің өзге де өңірлерінде қолдау тапқан болатын. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 13 ауыл алкогольден толық бас тартса, Батыс Қазақстан облысында 33 ауыл дәл осындай шешім қабылдаған. Айта кетерлігі, Әлия Молдағұлованың туған ауылында да «ішімдік ішпейді және түнде есіктерді кілттемейді», – дейді жергілікті тұрғындар.