BASTY BETDENSAÝLYQJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Аталған кәсіби мереке 1998 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген. Осыған орай  Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірін сақтау жолындағы олардың жанқияр еңбегі жоғары құрметке лайық екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Меркі, Талас және Шу аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар бой көтерді.

Алдағы жылдары Байзақ, Жуалы және Қордай аудандарында үш ірі аудандық аурухананың құрылысы басталады. Сондай-ақ Меркі, Талас, Шу аудандарындағы ауданаралық көпсалалы ауруханаларды жаңғырту жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана мен жедел медициналық жәрдем станциясын салу көзделген.

Ағымдағы жылы облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард теңге бөлінді.

Мерекелік жиын аясында денсаулық сақтау саласының 57 үздік маманына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, сондай-ақ Құрмет және Алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *