ЕНДІ ОҚУШЫЛАР МЕКТЕПТЕ ТІСТЕРІН ТЕГІН ЕМДЕТЕ АЛАДЫ
Елімізде 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі BAQ.KZ ақпараттық порталына сілтеме жасап.
2024 жылы оқушылардың 90%-ы профилактикалық тексеруден өтті, ал балаларды динамикалық бақылаумен қамту 3%-ға артты. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, балалар арасында көбіне ас қорыту, көру, тыныс алу ағзаларының аурулары, сондай-ақ стоматологиялық мәселелер анықталып жатыр.
Мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде келесі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр:
- мектеп мейіргерлерінің жүктемесін азайту (бұрын 700 балаға 1 мейіргер болса, енді 500 балаға 1 мейіргер бекітілді);
- 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу;
- медициналық-санитариялық алғашқы көмек жанынан мектеп медицинасы бөлімшелерін ұйымдастыру;
- кәсіптік тексерулер жүргізу тәртібін қайта қарау және мамандардың біліктілігін арттыру.
Цифрландыру бойынша мынадай IT-шешімдер енгізілуде:
- вакцинация мен тексерулерді жоспарлау;
- балалардың өтініштерін онлайн тіркеу;
- eGov және SMS арқылы ата-аналармен 1414 нөмірі арқылы байланысу;
- «Күнделік», «Bilim.Class», «Білімал», «EDUS.Mektep» жүйелерімен интеграциялау.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында келесі жобалар іске асырылуда:
- ментальды және репродуктивті денсаулықты қамтитын «Денсаулық сабақтары»;
- жарақаттардың алдын алу жөніндегі жол карталары;
- «Денсаулыққа ықпал ететін мектептер» жобасы;
- 2030 жылға дейін мектеп медицинасын ғылыми зерттеу.