Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!
BASTY BETDENSAÝLYQJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ ОБЛЫС АКТИВІМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне байланысты облыс активімен кездесті. Басқосуда жаңа Ата заңның ел дамуы мен әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлі сөз болды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында аймақ басшысы жиналған қауымды тарихи маңызы бар оқиғамен құттықтап, жаңа Конституцияның Қазақстанның болашақ дамуына берік құқықтық негіз қалайтынын айтты.

Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде жаңа Конституция елдің жаңаруына тың серпін беретінін атап өткен. Оның айтуынша, бұл құжат саяси-құқықтық жүйені жетілдіруге, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңін бастайды.

Облыс әкімі жаңа Конституцияда мемлекеттік басқаруды жетілдіру, экономиканың сапасын арттыру, энергетика мен инфрақұрылымды дамыту, цифрландыруды күшейту және адам капиталын нығайту секілді негізгі басымдықтар айқындалғанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл міндеттердің орындалуы өңірдің тұрақты дамуына жол ашады.

Сондай-ақ ол Конституцияда көзделген мақсаттарға жету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» жалпыұлттық бастамалары заң үстемдігін нығайтып, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділікті арттыруға ықпал ететінін айтты. Сондықтан әр азамат жаңа Ата заңда белгіленген міндеттердің орындалуына өз үлесін қосуы қажет екенін жеткізді.

Жиында облыстық соттың төрағасы Ерлан Қосмұратов, облыс прокуроры Жандос Әбдібаев және облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз алып, жаңа Конституцияның заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызына тоқталды.

Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев мемлекеттік органдарды, құқық қорғау саласының өкілдерін, депутаттық корпусты, азаматтық қоғам институттарын және өңір тұрғындарын жаңа Конституцияда белгіленген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *