ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ КӨКПАРДАН ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты Алматы облысында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік командалар өзара бақ сынаған дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Жамбыл облысының намысын қорғаған көкпаршылар жоғары нәтижеге қол жеткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Жамбылдық команда алғашқы кездесуде Түркістан облысының командасын 5:4 есебімен жеңсе, кейін Жетісу облысын 9:2, Алматы облысын 6:3 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сынға жолдама алды.
Шешуші ойында Жамбыл құрамасы мен Шымкент қаласының командасы алтын жүлдені сарапқа салды. Тартысқа толы бәсекенің негізгі уақыты тең нәтижемен аяқталды. «Алтын салым» кезеңінде Әулиеата өңірінің жас шабандозы Арнұр Есен шешуші ұпайды еншілеп, өз командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша, жамбылдық жас көкпаршылар 13 командадан және 160-қа жуық спортшыдан құралған ел чемпионатында тоғызыншы мәрте топ жарып, өңір абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 12 миллион 350 мың теңгені құрады.