AGROBASTY BETJAŃALYQTARQOǴAM

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 11,7 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Жамбыл облысында заңсыз немесе мақсатсыз пайдаланылып келген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.

Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында 11,7 мың гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген жер мемлекетке қайтарылған.  Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер реформасына қатысты тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың нәтижесі.

Президент Жолдауында жерді заңсыз иеленіп, оны мақсатсыз пайдаланған тұлғалардан мемлекетке қайтаруды оңтайландырылған рәсім арқылы жүргізуді тапсырған болатын. «Бізге жерді игермей, ел игілігіне жұмыс істетпейтін меншік иелері қажет емес», – деген Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының мүддесін қорғауға ерекше назар аударды.

Жайылым Мәселесін Шешуге Басымдық Берілуде

Қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге мал жаю үшін бөлініп берілуде. Қалған жер телімдері ашық конкурс арқылы пайдалануға беріледі. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бес конкурс өткізіліп, нәтижесінде 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жері ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.

Бұдан бөлек, 2025-2027 жылдары Жаһандық экологиялық қордың қаржыландыруымен Талас және Сарысу аудандарында 5 мың гектар жайылымды жақсарту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады.

Елді мекендердің жер көлемі ұлғайды

Елді мекендердің аумағына қосылған босалқы жерлердің жалпы көлемі 378 мың гектарды құрады. Осылайша, ауылдық жерлердің аумағы 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайды. 2025 жылға қарай тағы 20 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Жайылым тапшылығы кезең-кезеңімен шешілуде

Қазіргі таңда 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым тапшылығы толық шешілді. Тағы 9 елді мекенде бұл мәселе 2025 жылдың соңына дейін шешілмек. Алайда, халық тығыз орналасқан және қала маңындағы 15 елді мекенде жайылым мәселесін толық шешу мүмкін емес. Дегенмен, бұл өңірлерде «Жайылымдар туралы» заң талаптарына сәйкес, барлық аудандарда жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарлары бес жылға қайта бекітілуде.

Бүгінде мұндай жоспарлар Талас, Жамбыл, Меркі және Сарысу аудандарында мақұлданды. Жер ресурстарын тиімді және әділ пайдалану – өңірлік даму мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігіне айналып келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *