1 МАУСЫМДА ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ КЕЗЕКТІ ІРІКТЕУ БАСТАЛАДЫ
2025 жылғы 1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне жаңа іріктеу науқаны басталады. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді,-деп хабарлады «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.
Агенттік төрағасының айтуынша, Президенттік жастар кадр резерві — дарынды, бастамашыл және кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған маңызды кадрлық жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарының әлеуетін мемлекеттік қызметке тиімді пайдалану – басты міндеттердің бірі.
Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытып, нәтижесінде 400 үміткер резервке қабылданды. Қазіргі таңда олардың 318-і жауапты лауазымдарда қызмет атқарып жүр:
- 167 – орталық мемлекеттік органдарда;
- 37 – жергілікті атқарушы органдарда;
- 62 – ұлттық компанияларда;
- 52 – өзге ұйымдарда.
Сонымен қатар, 39 резервші саяси лауазымдарға, 3 үміткер «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, 2 кандидат Мәжіліс депутаты, 1 үміткер мәслихат депутаты ретінде жұмыс істеуде.
Биылғы іріктеудің ерекшелігі
Дархан Жазықбайдың мәлімдеуінше, 2025 жылғы іріктеудің басты ерекшелігі – салалық бағыттар бойынша квоталар белгіленіп, пропорционалды іріктеу тәсілі қолданылмақ. Бұл әр саладағы кандидаттарға тең мүмкіндік беріп, нақты бағыттар бойынша іріктеуді қамтамасыз етеді.
Іріктеу келесі алты негізгі бағыт бойынша жүргізіледі:
- Инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты;
- Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта;
- Сыртқы саясат және инвестициялар;
- Экономикалық және қаржылық саясат;
- Цифрландыру;
- Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Кандидаттар тіркелу кезінде осы бағыттардың бірін таңдайды.
Үміткерлерге қойылатын талаптар
Іріктеуге қатысу үшін келесі талаптарға сай болу қажет:
- 35 жастан аспаған ҚР азаматы;
- Жоғары білімнің болуы;
- Кемінде 5 жыл жалпы еңбек өтілі;
- Мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс.
Іріктеу кезеңдері
Кешенді іріктеу алты кезеңнен тұрады:
- Құжат қабылдау – 1–30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz порталында онлайн режимде өтеді.
- Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау – прокторинг жүйесі арқылы тестілеу (бейне және аудиофиксациямен).
- Ситуациялық тапсырмаларды шешу – үміткерлер таңдаған бағыт бойынша онлайн форматта эссе жазады.
- Ассессмент және құзыреттер бойынша сұхбат – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
- Сарапшылық комиссиямен сұхбат – арнайы комиссия кандидаттармен сұхбаттасады.
- Ұлттық комиссия шешімі – үздік 50 үміткер резервке қабылданады.
Бағалау үдерісінің әділдігін қамтамасыз ету мақсатында үміткерлердің деректері жасырын нөмір арқылы шифрланып, бағалаушыларға беймәлім болады. Барлық нәтижелер үміткердің жеке кабинетінде және ресми сайтта жарияланады.
Дархан Жазықбай белсенді әрі ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды осы іріктеуге қатысуға шақырды. «Білімді, еңбекқор, отанға адал жастар – еліміздің тұрақты дамуының негізгі қозғаушы күші. Агенттік кәсіби, бәсекеге қабілетті жаңа буын мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыруды басты міндет санайды», – деді агенттік басшысы