КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗА ТҮСТІ
Былтыр Жамбыл облысында ауа райының қолайлы болуы өнімді үш есе артық алуға мүмкіндік берді. Бұл ретте өңірлік фермерлердің агротехниканы жетік меңгеруі мен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі де басты себептердің бірі болды. Биыл да дала диқандары мол өнім алу үшін қызу іске кіріскен.
Айталық, меркілік шаруалар жер жырту жұмыстарын бастап кеткен. Дала дүбірі қыза түсті. Меркілік шаруалар құрал-саймандарын сайлап, қазір егіс алқаптарында жүр. Көктемгі жер жырту жұмыстары Кеңес ауылындағы «SMART AGRA» шаруа қожалығында да басталған. Кәсіп иесі Нұргелді Әбжапаровтың айтуынша, шаруашылықта 100-ден астам техника бар. Ал егістік заманауи жаңбырлатып суару және тамшылатып суару әдісімен суғарылады.
– Меркі ауданында 2021 жылдан бастап қант қызылшасын еге бастағанбыз. Шаруашылықта 25 жұмыс орнын ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда 1000 гектарға арпа-бидай, 100 гектарға жүгері, 300 гектарға қант қызылшасын егу жоспарлануда, – деді кәсіпкер Нұргелді Әбжапаров.
Биыл Меркі ауданында 103 мың гектар алқаптың 89 мыңы толық игерілмек. Мамандар егіс алқаптарының көлемін арттыруға ниетті. Жалпы, облыста 2025 жылы 659,9 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Айта кету керек, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталып отыр.
Автор: Зарина Мырзашева