Storytelling

ЖАҢА ТЕХНИКАЛАР ІС ЖҮЗІНДЕ КӨРСЕТІЛДІ

Ауыл шаруашылығын дамытуда заманауи технологиялар мен техникаларды өндіріске енгізу қазіргі уақыттың талабы. Осы мақсатта бұған дейін Меркі ауданында бірнеше семинар өткізіліп, қызылша өсіру мен өндіруге арналған заманауи техникалар өңірдегі шаруаларға таныстырылған болатын. Ал, жақында ғана сол заманауи техникалар қолданысқа енгізіліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Бұл туралы «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі хабарлайды.

«МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша алқабында өткен көрмеде «СТ Agro» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіру мен жинауға қажетті заманауи техникалармен таныстырды. Семинарға қатысқан аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы ауыл шаруашылығын дамытуда Меркі жерінің мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында айтты. Мол өнім алу мақсатында жаңа техникаларды қолданудың маңыздылығын және осы бағытта шаруаларға көрсетілетін қолдаулар туралы да айтып өтті.

– Биылғы жоспарымыз бойынша ауданда 9480 гектар алқап жерге дән себу деген жоспарымызда бар. Оның ішінде қант қызылшасынада аса қатты көңіл бөлініп жатыр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмектердің бәрі ауқымды ауданда беріліп жатыр. Яғни жанар-жанармай мәселесі шешілген, тыңайтқышты алу  жұмыстары жүйеленген. Сонымен қатар құрал-жабдықтар мен  техника алу бойыншада мәселелер де шешіліп отыр,- дейді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков

Мәселен, тыңайтқыш себуге арналған құрылғыны алып қарасақ, ол толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді екен. Сыйымдылығы 4 кубты құрайтын құрылғы белгілі бір алқапқа мөлшерлеп салынған тыңайтқышты дәлме-дәл жеткізеді. Құрылғының GPS навигаторға қосылуы және бүрку әдісімен себуі – алқапты толық қамтуға және барынша үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тыңайтқыштың сапасын анықтауға арналған арнайы бокстары да қарастырылған. Компания мамандарының айтуынша, аталған техникаларды сатып алған шаруаларға 1 жыл мерзімге кепілдік беріледі. Техникалар бұзылған жағдайда жөндеуге және бөлшектерді жеткізіп беруге қолдау көрсетіледі екен. Сонымен қатар бұл комания қызылшаға арналған техникаларды алып келген.

– Біздің техникаларымыз алқаптарда қалай жұмыс істейді,  қалай отырғызады соның бірін көрсетіп жатырмыз. Қысқаша айтқанда біздің компаниямыздың алдына қойған ең бірінші мақсаты – шаруа қожалықтарының жағдайларын көтеру, жаңа технологияны үйрету, сапалы өнім жинау болып табылады,- дейді «СТ Agro» компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Алмас Серікұлы

Осындай заманауи техникаларды қолданысқа енгізілсе, өндіріске жаңа серпін берері сөзсіз. Әрине, бұл ретте жергілікті шаруаларға мемлекеттің қолдауы қажет. Ал ауыл шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, техникаларды субсидиялау және лизингке беру тетіктері қарастырылыпты.

 

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *