BASTY BETJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ЖАНҰЯ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Жамбыл облысында алғаш рет «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру мәселелерін талқылау болды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Форумға облыс әкімдігі мен жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және қоғам белсенділері қатысты.

Жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, өңірде отбасы институтын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ қатысушыларға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Хатта отбасы саясаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілген.

Форум барысында ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов ішкі істер органдарының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытындағы жұмыстары туралы баяндады. Ол профилактикалық есепке алу тетіктерін жетілдіру мен дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев бұл мәселенің тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтты. Оның мәліметінше, жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны 50 пайызға азайған.

Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да сөз сөйлеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы заңнамалық өзгерістер мен оны жетілдіру мәселелерін көтерді. Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров заңнамалық нормаларды қолдану тәжірибесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Форум аясында театр әртістері әлеуметтік тақырыптағы сахналық қойылым ұсынды.

Сонымен қатар «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Маржан Еликулова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама ұлттық құндылықтар негізінде тұрақты әрі тиімді отбасылық модель қалыптастыруға бағытталған.

Тараз қаласы Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезеңде анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу тетіктері туралы баяндама жасады.

Форумға еліміздің барлық өңірінен келген полиция қызметкерлері қатысып, алдын алу бағытындағы өңірлік жобалармен танысты. Кездесу барысында тәжірибе алмасу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.

Жиында көтерілген бастамалар қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға және отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *