«ҰЛЫ ДАЛА» МӨЛТЕК АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ
Таразда су жаңа мектеп оқушылар игілігіне берілді. «Ұлы дала» мөлтек ауданында орналасқан жаңа мектеп 1200 балаға шақталған. Бүгін аталған мектептің құрылысы аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бүгінде шағын ауданда 25 мыңнан астам адам қоныстанған. Оның ішінде, 2000-нан астамы мектеп оқушылары. Облыстық білім басқармасының басшысының айтуынша, № 53, 54 мектептерде орын тапшылығы болған. Оқушыларды білім ошағымен толық қамтамасыз ету мақсатында бұл аймақта 2 Жайлы мектеп пен 2 қосымша мектеп салу жоспараланған. Солардың бірі бүгін пайдалануға берілді дейді, Мейірхан Өмірбек.
– Жалпы Жамбыл облысындағы мектептердің материалдық базасын нығайту бойынша көптеген игі істер атқарылып жатыр. Биылғы жылдың өзінде бірнеше мектеп пайдалануға берілді. Бүгінгі күнде 900-ден аса бала мектеппен қамтылды. Келесі жылы тағы да бір осындай 1200 орынды мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 3500-ға жуық баланы қамтитын 2 Жайлы мектеп пайдалануға берілетін болады,-дейді Мейірхан Өмірбек, ЖО білім басқармасының басшысы
Айта кетейік, бұл білім ошағы өңірімізде жыл басынан бері ел игілігіне берілген 4-ші оқу ошағы. Мектеп құрылысына бюджеттен 3,1 миллиард теңге бөлінген. Мектептің лентасы кесілген соң, ата-аналар мен оқушылар, облыс әкімі, білім саласының қызметкерлері мектептің құрылысымен танысты.
– Барлық материалдық-техникалық жабдықтармен толығымен қамтылған. Бұл мектепке бүгінгі таңда 54-ші орта мектебінен 936 оқушы, 58 педагог ауыстыру тәртібімен ауысып келді. Жалпы оқу кабинеттерінің саны- 56 кабинет, 4 шеберхана, 2 спорт залы, 400 балаға арналған асхана, 300 адамға арналған мәжіліс залы, барлық жабдықтармен қамтылған. Заманауи талапқа сай,-дейді Эльмира Қойлыбаева, №64 орта мектеп директорының міндетін атқарушы
Жаңа білім ошағының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш болды. Салтанатты ашылу рәсімі оқушылардың өнерімен жалғасты. Олар түрлі аспапта күй орындады.