АЖЫРАСУ СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ КӨП
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда неке құрған әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді. 2022 жылы 17,7 мың шаңырақ шайқалған. Әлемде тіптен, әрбір 13 секунд сайын бір отбасы екіге бөлінеді екен.
Ажырасудың себептері өте көп. Мамандар зерделей келе, бұл мәселенің бір себебі, ұл-қызды тәрбиелеуде отбасы құндылықтары, отбасын сақтап қалудың жолдары жайында аз ақпараттандырудан екендігін айтады. Осы тұста облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Елу жылда – Ел жаңа» ҮЕҰ ұйымдастыруымен Тараз темір жол көлік және коммуникация колледжінде «Отбасын жоспарлау, саналы ата-ана мен әке болу мәселелері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Семинарда полиция өкілі мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі білімгерлерге тақырып төңірегіндегі мәліметтерді келтіре отырып, лекция оқыды. Тақырыпқа тұздық ретінде маман қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың да өршіп бара жатқандығын жеткізді.
– Әр баланың тәрбиесі отбасында басталады. Кез келген ата-ана баласын емес, әуелі өзін тәрбиелеу қажет. Бала үйінде нені көрсе, ол соның әдеті, өмірлік қағидасы болады. Үнемі ұрыс-жанжалда өскен бала ертең соны қайталамасына кім кепіл бола алады? Сондықтан өз өмірлеріңізді бүгіннен бастап қолға алыңыздар. Зиянды заттардан бойларыңызды аулақ ұстауға тырысыңыздар. Шаңырақтың шайқалуына тұрмыстық жағдаймен бірге ішімдіктің де әсері өте көп, – дейді Берікбол Байхожаев.
Жиында студенттер мамандарға көкейдегі
сауалдарын қойып, еркін тақырыпта әңгіме өрбітті.