ЖАМБЫЛДЫҚ ӨНІМДЕР АСТАНАҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
9-10 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған Жамбыл облысы осымен екінші рет қатыспақ. Елорда тұрғындарына Тараз бен 10 ауданнан жалпы көлемі 300 тоннаға жуық өнім ұсынылмақ. Айта кету керек, жолға шыққан шаруалардың көбі ауыл аманаты жобасы арқылы кәсіп ашқандар. Толығырақ тілші материалында.
Тауарлар 8 жүк көлігіне тиелген.. Жәрмеңкеге қойылатын өнімнің жалпы құны 168,6 млн теңгені құрайды. Өнімнің ұзақ жолда бүлінбеуі үшін де барлық жағдай жасалған дейді мамандар.
– 298,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылуда. Атап айтқанда, 33 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой еті), 3,2 тонна тауық еті, 4,0 тонна шұжық өнімдері, 14,0 тонна сүт өнімдері, 3,4 тонна макарон өнімдері, 10,0 тонна балық, 208 тоннадан астам көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері бар. Өнім сапасы алдын ала тексеріледі. Ветеринарлық инспекция басқармалары бар. Санитарлық нормалардың сақталуы тексеріледі. Барлық өнімдеге іс-шаралар жүргізіледі,-дейді Нұрсұлтан Ақжолов, ЖО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары
Кәсіпкерлер мұндай жәрмеңкелерден қалмай қатысуға тырысатындықтарын айтады. Себебі, халыққа қолжетімді бағада ұсынылады. Әрі саудагерлер де өз саудаларын емін-еркін жүргізуге мүмкіндік алады.
– Астана жәрмеңкесіне сүт өнімдерімен бара жатырмын. Былтыр да барғанбыз. Жылда барамыз. Алматы, Астана барлық қалалардағы жәрмеңкелерге барып сүт өнімдерін сатып, халыққа қызмет етіп жатырмыз. Сүт өнімдеріміз бар, айран, қаймағымыз бар, сыр бар. Өзімізден шығады барлығы. Соларды алып бара жатырмыз,-дейді Нұрбала Жақыпова, «Көкжиек» ЖШС шаруа қожалығының сатушысы
2 күнге жалғасатын жәрмеңкеде шаруалар облыстың абыройын арқалап барады. Әрі Басқа облысқа өз өнімдерімізді ұсыну үлкен жауапкершілікті талап етеді дейді басқарма басшылары. Сондықтан жамбылдықтар дәстүрлі түрде өтетін бұл науқанды қалт жібермеуге тырысады.