ТАЛАСТЫҚТАР МӘДЕНИЕТ КҮНІН АТАП ӨТТІ
Таластықтар ауданның мәдениет күнін кең көлемде атап өтті. Дүркіреген той Талас ауданының 95 жылдығы мен Қаратау қаласының 65 жылдығына орай ұйымдастырылған. Мерекелік іс шаралар атшабардағы ұлттық ойын қыз қуудан басталып, концерттік бағдарламаға жалғасты.
Қос бірдей мерекеге орай ауданда ұлттық спорт ойындары жаңғырды. Қыз қудан бастап қазақ күресі, шекемтас, гір көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақтан тұрғындар бақ сынасты. Көрерменге әсіресес қыз қуу ойыны ерекше әсер сыйлады.
Іс-шарада ауданның оң саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Талас ауданының тумасы Әбітай Бекболатовтың мал шаруашылығына қосқан зор еңбегі, Сағи Исалдайұлының Қаратау қаласының дамуы мен білім саласына қосқан үлестері сахналық қойылым арқылы көрермен назарына жол тартты.
Мәдениет күндері аясында ерекше өнерімен көзге түскен азаматтарда табылды. Қызыләуіт ауылының тұрғыны көлікті тісімен тартса, енді бірі құлағымен гір тасын көтеріп көпшілікті таңқалдырды. Осылайша іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Таластың тумасы эстрада жұлдызы Мұқасан Шахзадаев та келген қауымға мерекелік көңіл күй сыйлап, өнер көрсетті.